Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 107-бабына сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары белгілейтін жұмыс орындары квотасының шеңберінде жұмысқа орналасуға:
1) мүгедектігі бар адамдардың;
2) пробация қызметінің есебінде тұрған адамдардың;
3) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдардың;
4) он сегіз жасқа толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, білім беру ұйымдарының түлектері болып табылатын жастар қатарындағы азаматтардың құқығы бар.
Жергілікті атқарушы органдар ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есептемегенде, жұмыскерлердің тізімдік саны 50 адамнан асатын және одан жоғары жұмыс берушілерге мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен екіден төрт пайызға дейінгі мөлшерде квота белгілейді.
Мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктеріне, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың саны жұмыскерлердің жылдық орташа санының жиырма пайызынан астамын құрайтын ұйымдарға квота белгіленбейді.
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 103-баптың 2-тармағының 3-тармақшасына сәйкес жұмыс беруші-заңды тұлға таратылған не жұмыс беруші-жеке тұлғаның қызметі тоқтатылған, жұмыскерлер саны немесе штаты қысқартылған, жұмыс берушінің экономикалық жай-күйінің нашарлауына алып келген өндірістердің, орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің көлемі төмендеген жағдайларды қоспағанда, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін белгіленген квотаны орындауға міндетті.