Сұранысқа ие кәсіптер тізбесі бойынша Электрондық еңбек биржасында кәсіптік оқыту.
Электрондық еңбек биржасында кәсіптік оқыту (бұдан әрі – Оқыту) білім алушылардың белгілі бір жұмыс түрін орындау үшін қажетті жаңа дағдыларды жеделдетіп игеруіне бағытталған.
Кәсіптік оқыту мансап орталықтарында немесе Электрондық еңбек биржасы арқылы тіркелгендер қатарындағы жұмыссыздар үшін жүзеге асырылады.
Оқытуды ұйымдастыру үшін skills.enbek.kz онлайн режимде кәсіптік оқыту платформасы (бұдан әрі – платформа) жұмыс істейді.
Платформада жұмыссыздарды авторизациялау Электрондық еңбек биржасында тіркелген кезде көрсетілген электрондық пошта, телефон нөмірі немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы жүргізіледі
Білім алушы платформада сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар бойынша ұсынылған курстарды өз бетінше таңдайды.
Оқыту оқу материалдарын өз бетінше игеру жолымен жеке тәртіппен жүргізіледі.
Оқу аяқталғаннан кейін қорытынды тестілеу өткізіледі. Сұрақтардың жалпы санынан 70 (жетпіс) пайыздан астам дұрыс жауап алған білім алушыға платформада курстың атауы және осы Қағидаларға 13-қосымшаға сәйкес нысан бойынша бірегей нөмір беріле отырып, оқуды аяқтау туралы электрондық сертификат беріледі.
Сертификат платформадағы жеке кабинетте және Электрондық еңбек биржасындағы резюмеде көрсетіледі.
Қорытынды тестілеуден өтпеген білім алушы қорытынды тестілеуді
3 (үш) реттен артық емес қайта тапсыруға жіберіледі.
Оқуды дәлелсіз себеппен өз бетінше тоқтатқан білім алушылар жұмыссыз ретінде қайта тіркелген күннен бастап бір күнтізбелік жыл өткен соң оқуға қайта жіберілуі мүмкін, бірақ бір реттен артық емес.
Платформада оқыту ақылы курстарды қоспағанда, тегін негізде ұсынылады, ақылы курстарға білім алушы курстың авторы белгілеген баға бойынша өз бетінше ақы төлейді.